+7 (7172) 26-63-47

Қайырымдылық шарасы елордадағы «Столичный» (Астаналық) саябағында «Спорт біріктіреді» деген атаумен өтті. Шамамен 100-ге жуық адам отандық журналисті қолдауға жиналды. Акция барысында ерлер 2,5, әйелдер 1,5 шақырымға жүгіріп өтті. «Хабар» телеарнасында жұмыс істеген Галина Полевая бірнеше жыл қатарынан халықаралық Олимпиада, Азиада және тағы басқа спорттық жарыстарды көгілдір экран арқылы халыққа жеткізді. «Галина Полевая отандық спорт журналистикасында қалыптасқан тұлға. Менің өзім оның телеарнада жүргізген бағдарламасын үзбей қарайтынмын. Ол нағыз өз ісінің кәсіби маманы. Біздің бүгінгі шарамыз одан әрі өңірлер де өз жалғасын табады деген үміттемін. Мен оның бұл қиындықтан сүрінбей өтетініне сенемін», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев. Жүгіру жарысына қатысқандардың ең үлкені 70-те, ең кішісі 5 жаста. Қайырымдылық шарасынан 300 мың теңгеге жуық қаражат жиналды. Жиналған барлық сома Г.Полеваяның отбасына табысталады. Бұдан бөлек журналиске қолдау ретінде ҚР Мәдениет және министрлігі қызметкерлері бір күндік жалақыларын бөледі. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықты Галина Полеваяны қолдауға шақырған болатын. Айта кетейік, танымал журналистің ауыр науқасқа шалдыққаны туралы оның қызы әлеуметтік желі арқылы айтып, жұртшылықтан қол ұшын созуды сұраған болатын. Әлеуметтік желідегі жазбада айтылғандай журналист қатерлі ісікке шалдыққан, оған тиісті ем Кореяда қабылданады және емделу құны 286 мың 350 долларды құрайды.