+7 (7172) 26-63-47

Астананың 12 жоғарғы оқу орнының 1000-нан астам студенті қалалық Универсиадада өзара бәсекеге түсуде. Қазақстандағы Жастар жылына орайластырылған спорттық дода Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасымен ұйымдастырылып отыр.

Жарыс бүгін, 13 ақпанда, Назарбаев университетінің спорт орталығында спортшылардың салтанатты шеруімен ашылды. Универсиада 5 мамырға дейін жалғасады. Шараға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов та қатысты.

- Мемлекет басшысы барлық бағыттар бойынша жастарға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басымды бағыты болуы тиіс деді. Бүгін жалауын көтерген Универсиада Астананың студент жастарының өміріндегі маңызды оқиға болып табылады, жастардың салауатты өмір салтын ұстанатындығы, спортпен айналысатыны қуантарлық жайт, осылайша, сіздер Қазақстанның дені сау және мақсат қуған жас азаматтарына үлгі боласыздар.

Сонымен қатар, Болат Мажағұлов студенттер арасында спорттық жарыс ұйыдастыру туралы әкімдіктің бастамасын қолдағандары үшін елорданың ЖОО-ның басшыларына алғысын білдірді.

Еске салайық, Универсиадада С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Астана медициналық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Еуразиялық гуманитарлық институт, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Тұран университеті, Назарбаев университет, Астана Университеті, М.Ломоносов атындағы МГУ қазақстандық филиалы және Қаржы академиясы сынды ЖОО-дың студенттері өзара шеберлік байқасады.

Жарысқа қатысушылар 18 спорт түрінен жарысқа түседі: волейбол (ерлер), волейбол (қыздар), тоғызқұмалақ, шахмат, шаңғы жарысы, қысқы Президенттік көпсайыс, жазғы Президенттік көпсайыс, асық ату, шорт-трек, шағын футбол (ұлдар), шағын футбол (қыздар), гір көтеру спорты, қазақ күресі, армрестлинг, жеңіл атлеттік эстафета, стритбол (ұлдар), стритбол (қыздар) және үстел теннисі.

Жарыстар қаланың түрлі спорттық алаңдарында өтеді. Ерекше көзге түскен және талантты спортшылар елорданың құрама командасына қабылданып, республикалық жарыстарға қатысатын болады.

Универсиаданың ашылу салтанаты барысында елордалық студенттер –Аружан Қалиахметова, Кирилл Идрисов пен Фариза Габдуллинаға спорттағы үздік жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы тапсырылды.