+7 (7172) 26-63-47

Астана қаласының әкімдігінде Спорт күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Шара барысында елордалық дене шынықтыру және спорт қайраткерлері, сондай-ақ Президенттік дайындық деңгейі нормативтерін сәтті орындаған жеңімпаздар марапатталды.

Шараға ірі халықаралық жарыстарда Астананың намысын қорғаған спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен елордалық спорт мектептерінің жетекшілері, сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және де мәдениет және спорт басқармасының басшысы Берік Маржикпаев қатысты.

- Сіздерді төл мерекелеріңіз – Спорт күнімен құттықтаймын! Жылдан жылға Астанада спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындар саны артып келеді. Бүгінде 288 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен айналысады. Баршаңызға алғыс айтамын! Сіздер қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрсіздер, мықты, дені сау жастарды тәрбиелеп жүрсіздер! – деді Ермек Аманшаев өз сөзінде.

Президенттік дайындық деңгейі нормативтерін сәтті орындағаны үшін Астана қаласы мәдениет және спорт басқармсының ведомствоға қарасты ұйымдарының қызметкерлері «Сергектік пен денсаулық» және «Шынығуды жетілдіру» төсбелгілерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тестілеріне 105 адам қатысты. Оның ішінде, 13 қызметкер Президенттік дайындық деңгейінің нормативтерін тапсырды. Атап айтқанда, №9 БЖСМ жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Ирина Щетинина, «Алау» мұзайдын сарайының спорт бөлімінің басшысы Эльмира Аджибаева, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының психологы Анастасия Бибикова, «Жастар» театрының бас бухгалтері Руслан Аленов, №5 ОРБЖСМ жетекшісі Қуат Тілегенов, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының басшысы Самат Қабдулин, №9 БЖСМ басшысы Айдын Тоқбаев, «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаев, №4 ОРБЖСМ басшысының орынбасары Георгий Степанов, «Алау» мұзайдын сарайының спорт жөніндегі менеджері Ерлан Өнербек.

Президенттік тестілерге жақын және алыс қашықтықтарға (60м, 100м, 1000м, 3000м) жүгіру, бір орыннан ұзындыққа секіру, шалқалап жатып, денені көтеру, тартылу, пневматикалық винтовкадан 5 рет ату, жүзу, сондай-ақ граната тастау кіреді. 
«Астана - 20 жыл» төсбелгісімен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиадалық резерв дайындау орталығы директорының орынбасары Николай Дрютов марапатталды.

Спорт күні қарсаңында «Дәулет» спорткомбинатының директоры Қуандық Елжановқа, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Имашевқа, «Жігер» спорт клубының директоры Азамат Хамзинге, «Достық» спорткомбинатының директоры Азамат Иманбаевқа, сондай-ақ, Астана қаласының спорт мектептері мен мекемелерінің жаттықтырушылары мен қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан алғыс хаттар табысталды.