Бүгін Астана маңындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде елордалық елшілердің қатысуымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Атқа міну дәстүрі» республикалық челленджі өтті.
Жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер Ойындарды қолдауға және жобаны халық арасында насихаттау мақсатында құрылған бір топ елшілер бүгін айтулы шараның куәсі болды. Елшілердің құрамында Ұлттық ат спорты Федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, «Атбегілер мен шабандоздары» қазақстандық ұйымының төрағасы, Ұлттық спорт түрлерінен еңбек сіңірген жаттықтырушы, жазушы-публицист Сәдібек Түгел ақсал болды. Іс-шара алдында Сәдібек ата қатысушыларға ақ батасын беріп, кезекті республикалық «Атқа міну дәстүрі» челленджінің шымылдығын ашып берді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын барлық спортшыларға шын жүректен сәттілік тілеймін! Сіздер қазақ халқының мақтанышы болып, ұлттық спорттарымызды әлемге танытады деген сенімдемін. Әрбір жарыста өз шеберліктеріңізді, батылдықтарыңызды және қажырлы еңбектеріңізді көрсетіп, еліміздің туын биікке көтерулеріңізді аллам нәсіп етсін. Жеңісті сәттеріміз көп болып, ата-бабаларымыздың рухы сіздерге қуат берсін! » - деді Астана қаласының елшісі Сәдібек Түгел.
Айтулы шараға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері және елімізге танымал бірқатар спортшылар қатысты.
Айта кетейік «Бірлік керуені» жобасы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда. Астана қаласының бір топ елшілері күні кеше көкпардан өткен шеберлік сабағына арнайы қатысқан болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша «Бірлік керуені» жобасы аясында құрылған елшілер алдағы уақытта да елорда төрінде Ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың куәсі болмақ.