+7 (7172) 26-63-47

Астана қаласында 1000-ға жуық тұрғын велошеруге қатысты. Елордамыздың орталық саябағында Астана полиция департаменті мен Астана қаласының әкімдігімен велошеру өтті.

«Спорттық шара — өскелең ұрпақ арасында есірткі қылмысымен күресу, сондай-ақ, жастардың есірткіге әуес болмай, психоактивті заттарды қолданбай, бос уақытын дұрыс пайдаланып және спортты кеңінен насихаттау мақсатында өткізілуде.

Веложарыс ең алдымен нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аударуға бағытталған. Әлеуметтік желінің дамуы, интернеттің қолжетімділігі тек жақсы жаққа ғана емес, қылмыстың да өршуіне әкеліп соқты.

2024 жылдың мәліметіне сәйкес, қаламызда 60 келіден астам есірткі тәркіленген. Сондықтан баршаңызды ешкімге зиянын тигізбей, дұрыс өмір сүруге шақырамын» — деп, салтанатты шараның ашылуында Астана полиция департаментінің басшысы Марат Тулебаев өз ойын білдірді.

ҚР Ішкі істер департаментінің дерегіне сүйенсек, тек 2023 жылы наркодилерге қатысы бар 3 мыңдай сайт және 1,3 мың Telegram арнасы бұғатталған.

Таңғы 8-де басталған спорттық шарада қатысушылар Тұран даңғылы мәдениет және демалыс саябағынан – «Қазақстан күні» монументі – Қорғалжын тас жолына дейін оңға бұрылып, Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне дейін барып, кері қайтты. Жалпы қашықтық 10 шақырымды құрады.

«Тәні саудың - жаны сау деген сөз бекер айтылмаған. Баланы кішкентай кезінен спортқа берсе, жақсы ортада болып, өзінің өмірін реттеуге мүмкіндік алады. Бала кезден жақсы жол көрсетілсе, оның жаман жаққа кетуі ықтималдығы азаяды. Астанада спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Велосипед айдаңыздар, жүгіріңіздер!» — деді спорттық жарысқа арнайы қатысқан грек-рим күресінен әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Алмат Кебіспаев.

Айта кетейік, веложарыс «есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың», сондай-ақ Нашақорлыққа қарсы күрес күнін мерекелеуге арналған «айлықтың» тармақтарын іске асыру шеңберінде өткізілді.