+7 (7172) 26-63-47

Астана күні мерекесіне орай 2026 жылғы 3–6 шілде аралығында елордада асық ату спортынан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XII командалық чемпионаты өтеді.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік асықшылар қатысады. Жалпы саны 120-ға жуық спортшы бақ сынап, Қазақстан чемпионы атағы үшін тартысқа түседі.

Чемпионаттың ашылу салтанаты 4 шілде күні сағат 12:00-де Астана қаласындағы «Аспан» спорт кешенінде өтеді.

Астана қаласының «Асық ойыны» федерациясының президенті Ескендір Рахметовтің айтуынша, бұл чемпионаттың маңызы ерекше. Себебі жарыс қорытындысы бойынша І орын иеленген спортшылар келесі жылы өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Ал ІІ және ІІІ орын иегерлері Әлем кубогына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, чемпионатта І, ІІ және ІІІ орындарды иеленген спортшылар Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының қатарына қабылданады.

Чемпионаттың жабылу салтанаты және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі 6 шілде күні сағат 11:00-де өтеді.