+7 (7172) 26-63-47

Елордада қоян-қолтық жекпе-жектен ересектер арасында әлем кубогының финалы басталды.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыста әлемнің 15 мемлекетінен 200-ге жуық спортшы жүлдеге таласып жатыр. Олардың арасында Қазақстан, Испания, Швейцария, Марокко, Үндістан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Египет, Румыния, Тунис, Германия, Таиланд елдерінің өкілдері бар.

Спортшылар «Сайыс», «Өзін-өзі қорғау» және «Өзін-өзі қорғау 1+1» бағдарламасы бойынша 10 салмақта жүлдені сарапқа салып жатыр.

«Қоян-қолтық ұрыстан жыл күнтізбесіндегі басты спорттық шара саналатын Әлем кубогын Қазақстан елінің қабылдауы біз үшін – үлкен құрмет. Мұнда Әлем кубогының іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша топ жарып шыққан үздіктер жиналды. Спорттың бұл түрі әлемде енді ғана дамып келе жатыр. Себебі біз тек 2006 жылдан бері ғана халықаралық аренаға шыға бастадық. Ал қазір осы спорт әлемнің 50 мемлекетінің басын біріктіреді. Жарыста шын мықтылар жеңіске жетеді деген сенімдемін», - деді Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Астахов.

Осыған дейін Әлем кубогының кезеңін сәуір айында Ресей Федерациясы және қыркүйек айында Қырғыз Республикасы қабылдаған.

Ал Қазақстан Республикасы бірінші мәрте қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогын ұйымдастырып жатыр. Оның ірі деңгейдегі турнирді өткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар. Мысалы, 2023 жылдың соңында Астана қаласы ТМД-ға мүше мемлекеттер достық армиялары арасындағы әскери қоян-қолтық ұрыс чемпионатын да қабылдаған еді.

Жалпы елорда төрінде қоян-қолтық ұрыс жарысынан бөлек, осы спорт түрінен төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған халықаралық семинар да өткізілді.