+7 (7172) 26-63-47

Бүгін Астанада қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» XIII Республикалық турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл турнирге облыстық сайыстардың қорытындысы бойынша іріктелген елдің ең мықты балуандары жиналды. Олар Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланы — Астананы, Алматыны және Шымкентті таныстырады. Сонымен қатар, турнирде былтырғы «Қазақстан Барысы» чемпионы және «Әскер Барысы» додасынан екі балуан қатысуда. Барлығы – 42 қатысушы. Қатысушылардың толық тізімі төменде көрсетілген.

Турнирдің қорытындысы бойынша ең мықты балуан анықталып, ол 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленеді. Жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның 3 720 000 теңгесі спортшылардың бапкерлеріне бөлінген. Жүлделер келесідей бөлінеді: 1-орын — 15 000 000 теңге, 2-орын — 3 300 000 теңге, 3-орын — 1 080 000 теңге. Бұдан бөлек, әр жеңіске жеткен белдесу үшін балуан 100 000 теңге алады.

ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев қатысушыларды құттықтап, «Құрметті спорт сүйер қауым! Республика күніне арналған «Қазақстан Барысы» турниріне қош келдіңіздер! Бүгін әр өңірден келген балуандар өз аймағының намысын қорғауға шықпақ. Турнирді ашық деп жариялаймын, баршаңызға сәттілік тілеймін!» деп сөз сөйледі.

Сондай-ақ, қазақ дәстүріне сай Ерғали Мухидинов спортшыларға ақ батасын беріп, әділ әрі табысты белдесулер тіледі: «Қазақ балуандарының даңқы мәңгі биік болсын! Елімізде және алыс-жақын елдерде қазақтың рухын көтеретін батырлар көбейе берсін! Бүгінгі турнир әділ, әрі шын мықтылардың жеңісімен өтсін! Әумин!» деді.

Алғашқы белдесулер 16:00-де басталады. Марапаттау рәсімінен кейін турнир жеңімпазымен баспасөз конференциясы өтеді. «Қазақстан Барысы» турнирінің ашылуына ҚР Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысады.

Барлық спорт сүйер қауым мен жанкүйерлер үшін турнирге кіру – ТЕГІН!