Қазақ күресінен дәстүрге айналған «Қазақстан барысы» республикалық додасының аймақтық іріктеу турнирі басталды. Шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
«Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Қазақстан барысының» өңірлерде іріктеу кезеңі басталды. Елорда төрінде бастау алған Астана барысында өздеріңізді көргеніме қуаныштымын!
Бүгінгі жарысқа қаламыздың белді-белді балуандары жиналыпты. Ең мықты балуан жеңімпаз атанып, Астана қаласының намысын асқақтатсын! Баршаңызға жарқын жеңістер мен сәттілік тілеймін!» - деді ол.
Елімізде 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Бәсекеде 80-ге жуық қатысушы 8 салмақ және түйе палуан бойынша жеңімпазды анықтайды.
«Жеребе қорытындысы бойынша, өзімнің досыммен алғашқы айналымда түсіп қалдым. Бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Әр әдісті талдап, жаттығатын едік. Содан болар, белдесу барысында жеңімпаз анықталмады. Негізгі уақытқа бар күшімізді салып, қосымша кезеңде әл қалмады. Нәтижесінде салмағым жеңіл болғандықтан, мен келесі кезеңге өттім» — деді, 74 келідегі Бейбарыс Қыдырәлі.
Салмақ бойынша бірінші орын алған балуандарға «Астана барысы» атағы беріледі.
«Биылғы додада түйе балуан сайысы бойынша қаламыздың 15 балуаны күресіп жатыр. Олардың арасында былтырғы жеңімпаз Жасұлан Халхабаев бар. Фаворит ретінде2018 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің чемпионы Олжас Шынкеев пен былтырғы қола жүлдегер Нұрдәулет Айсағалиевті айтар едім. Бірақ барлығын боз кілем көрсетеді» — деп, жарыс ұйымдастырушысы Аян Ерназаров ойымен бөлісті.
Турнир жеңімпазы шілде айында «Қазақстан барысына» жолдама алады.
Айта кетейік, жалпы Астана қаласынан 2015 жылы Ғани Сейділдаев «Қазақстан барысының» қола жүлдегері атанған еді.