Іс-шара барысында осыған дейін шахматтан әлем чемпионы болған 16 гроссмейстер туралы бейнеролик көрсетілді.
Салтанатты шараға ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов және әлемге танымал гроссмейстерлер қатысты.
Дүние жүзінің мықты шахматшылары бас қосатын мұндай маңызды дода Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Осы ретте Халықаралық шахмат федерациясы осынау маңызы зор іс-шараны елімізде өткізуге сенім білдіргені үшін алғыс айтамын, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов салтанатты шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың чемпионат қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
"Бұл - спорт сүйер қауым үшін айтулы оқиға. Шахмат - адамның ақыл-ойын және қарым-қабілетін ұштауға мүмкіндік беретін бірегей спорт түрі. Қазақстанда осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Елімізде азаматтардың, әсіресе жастардың шахматпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Көптеген үйірмелердің ашылуы және 700-ге жуық мектепте шахмат сабағының оқытылуы - соның айқын дәлелі. Біздің шахматшыларымыз дүбірлі додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олардың жарқын жеңістері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Астана төрінде өтіп жатқан осынау байрақты бәсеке елімізде шахмат спортын дамытуға тың серпін береді деген сенімдемін. Әлем чемпионатын ұйымдастыруға ат салысқан Халықаралық шахмат федерациясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін", - делінген ҚР Президентінің құттықтауында.
Айта кетейік, чемпионаттағы жүлде қоры - 2 миллион еуро.
7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Қазақстан астанасында, St Regis қонақ үйінің киіз үйінде шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч өтеді. Әлем чемпионы атағына Ян Непомнящий (ФИДЕ) және Дин Лижень (ҚХР) таласады.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 31 қазанында шахматтан қазіргі 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын қорғаудан бас тартты, осыған байланысты 2022 жылғы турнирдің жеңімпаздығына үміткер Ян Непомнящийдің қарсыласы турнирде екінші орын алған Дин Лижень болды. Бұл спортшылар халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әлемдік рейтингінде екінші және үшінші орындарды иеленеді: Ян Непомнящийдің рейтингі 2793, Дин Лиженьнің рейтингі 2788. Қандай нәтиже болса да бұл матч 17-ші, жаңа шахмат тәжінің иегерін анықтайды.