26 қазанда Астана қаласында қазақ күресінен XIII Республикалық «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді. Бұл турнирде облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктелген еліміздің ең мықты балуандары бақ сынайтын болады. Олар еліміздің 17 облысы мен Республикалық маңызы бар 3 қала — Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары. Сондай-ақ турнирге өткен жылғы «Қазақстан Барысы» жеңімпазы мен «Әскер Барысы» екі балуаны қатысады. Турнирдің нәтижесі бойынша ең мықты балуан анықталып, ол 15 миллион теңге көліміндегі бас жүлдені алады.
Қазақстанның барлық өңірінен келген 43 балуан «Қазақстан Барысы – 2024» алтын белдігі үшін күреседі. Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі. Жүлделер келесідей бөлінеді: 1-орын үшін — 15 000 000 теңге, 2-орын үшін — 3 300 000 теңге, 3-орын үшін — 1 080 000 теңге. Әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуан 100 000 теңге алады.
Сондай-ақ, 24 қазанда сағат 14:00-де Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 9/1 мекен-жайындағы А.Құрманов атындағы №17 гимназия-мектеп аумағында «Қазақстан Барысы» турнирінің балуандары 100 көшет отырғызу акциясына қатысады. Бұл іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Спортшылар осылайша ел тұрғындарын табиғатты қорғауға және қоршаған ортаның тазалығына қамқор болуға шақырады. Іс-шараға барлық балуандар, олардың жаттықтырушылары және Астана қаласы әкімінің орынбасары қатысады.
Барша спорт сүйер қауым үшін кіру – ТЕГІН болады. Сонымен қатар көрермендер үшін ұлттық стильде безендірілген ойын-сауық аймағы ұйымдастырылады, онда асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарын ойнауға болады.