Бүгін Астанадағы «Аспан» спорт кешенінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық баланың қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтуде. Бұған дейін осындай фестивальдер елдің 18 өңірінде ұйымдастырылған болатын. Енді іріктеу ойындарының жеңімпаздары финалдық кезеңге қатысу үшін елордаға жиналды.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Партия хатшысы фестиваль спорттық жарыстар арқылы балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Іріктеу кезеңдері еліміздің 18 өңірінде өтіп, 1800-ге жуық баланы қамтыды, олардың үштен бірі – ерекше қажеттіліктері бар балалар.
Фестиваль аясында қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета бойынша сынға түсті. Іс-шараға еліміздің 16 өңірінен 189 бала тіркелді, олардың 63-і ерекше қажеттіліктері бар саналады.
«Бұл фестиваль маған жаңа достар табуға, өзімді мықты сезінуге және жаңа спорт түрлерін меңгеруге көмектесті. Осындай іс-шаралардың арқасында біз бір-бірімізді қолдап, баршамыздың тең екенімізді түсінеміз», – деп бөлісті қатысушы Аружан Сейтқасым.
Фестиваль бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, «Астана-Бәйтерек» монументіне баруды, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына бару экскурсиясын көздейді.
Айта кетейік фестиваль желтоқсанның 5-не дейін жалғасады.