+7 (7172) 26-63-47

Елордада алғашқы рет Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған "Ерекше әлем" атты жаппай бұқаралық велошеру ұйымдастырылды.

Велошеруде сөз алған №6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Бауржан Утегенов алдымен балаларды келіп жеткен Халықаралық балалар күнімен құттықтап, ерекше жандардың өмірге деген талпыныстары мен спортқа деген құштарлықтарына ризашылығын білдіріп, олардың қоғамдағы рөліне тоқталды.

Айтулы шараға 50 -ге жуық ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Олар 5 және 10 км қашықтықтарды «Үркер» (Ильинка) тұрғын алабының саябағынан бастап бағындырды.

Бұқаралық велошеруге немересі Амира Калиеваны қолдауға келген Рысты Кабдуллина өз ризашылығын білдірді.

«Бүгінгідей керемет ауа райында ұйымдастырылған велошеруге немереммен келіп отырмын. Мұнда өздерінің балаларын, немеререлерін қолдауға көптеген жандар келіп отыр. Бәрімі толқып тұрмыз. Бұл ерекше мүмкіндіктері бар балалар арасында өтіп жатқан алғашқы жарыс. Осындай балалардың дамуы мен спорттағы жетістіктері үшін жағдай жасау, сондай-ақ қоғамның назарынан тыс қалдырмай осындай іс-шараны ұйымдастырған қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Біз үшін бұл жарыс емес, мерекелік іс-шара болып табылады» -дейді Рысты әже.

Велошерудің соңында әр қатысушы медальмен және «Лимпопо» спорттық дүкені ұсынған сертификаттармен марапатталды.

Бұл шараны Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Velolegend» қоғамдық бастамашыл тобы ұйымдастырды.