Елордадағы «Пригородный» тұрғын алабында орналасқан «Аспан» спорт кешенінде зейнеткерлер үшін тегін спорт үйірмелері ашылды.
Мәдени-сауықтыру іс-шарасына «Пригородный» тұрғындары мен спорт сүйер зейнеткерлер, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері және №7 спорт-мектебінің басшылығы қатысты.
Спорттық үйірме жұмыстарының ашылу салтанаты Есіл ауданы бойынша БҰӨСО-ның көркем өнерпаздарының күмбірлеген күйімен басталды.
Салтанатты іс-шарада Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа Устемирова мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова құттықтау сөз сөйлеп, «Пригородный» тұрғындарын зор мүмкіндікті пайдаланып, тегін спорт үйірмелеріне жазылуға шақырды. Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Оңалту гимнастикасының спортшы әжелері «Спорттық марш» биін билеп, өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға үндеді.
Сонымен қатар өнерлі зейнеткерлерден құралған «Асыл мұра» оркестрі мен «Жаңа толқын» би тобы және басқа да шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Енді аталған тұрғын алап тұрғындары «Аспан» спорт кешенінде өтетін оңалту гимнастикасы мен үстел теннисіне аптасына 3 рет тегін қатыса алады. Екіжақты меморандум аясында тегін спорт үйірмелерін одан әрі дамыту жоспарланған.