Елордада жеңіл атлетикадан әуесқойлар арасындағы Indoor Run Astana-2024 жарысы өтуде. Оған еліміздің әр өңірінен келген 100-ден астам әуесқой спортшылар Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде, бірнеше қашықтық бойынша сынға түсуде.
«Дәл осы спорт кешенінде келесі аптада алғаш рет World Athletics Indoor Tour Gold Label турнирі өткізіледі. Айтулы жарыста Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, атақты спортшылар өнер көрсетеді.
Міне сіздер де жеңіл атлетикалық Qazaqstan спорт кешенінде екінші рет мәрте жарысқа қатысып жатырсыздар. Сіздердің де көрсеткіштеріңіз жақсарып, халықаралық деңгейге көтерілуілеріңізді тілеймін!», — деп Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Корбозов сайыстың ашылу салтанатында өз ниетін білдірді.
Сайысқа елімізден өзге Ресей, Ұлыбритания сынды мемлекеттерден әуесқой спортшылар қатысуда.
Айтулы жарыста 1000 метр қашықтықта жеңімпаз атанған Айнур Кумарова өз эмоциясын білдірді:
«Бұған дейін триатлон спортымен айналысып келдім. Енді әуесқойлар арасындағы жеңіл атлетика жарыстарында өнер көрсетіп жүрмін
Алматы, Астана марафондарына тұрақты қатысамын. Бүгін алғаш рет жабық кешендегі манежде жүгірдім. Әрине, оңай болмады. Дегенмен, жеңіл атлетикадан сайыстардың артуы барлығымыздың уақыт көрсеткішімізді жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Кәсіби желаяқтарға арналған спорт кешенінде жүгіріп, керемет әсер сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз».
Айта кетейік, турнирде әуесқойлардан бөлек, интеллектуалдық дамуы шектелген 4 спортшы да өзара жеңімпазды анықтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша 2022 жылы Indoor Run Astana 70 қатысушы болса, қазір 122-ні құрап отыр.