Елорда іргесіндегі Қоянды ауылының аумағында әйгілі құсбегіші Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған бүркітшілердің халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.
Осымен 4-рет өткізіліп отырған халықаралық турнирге еліміздің 10 облысынан келген 30-ға жуық бүркітші қатысуда. Оның ішінде Моңғолия елінен келген 2 бүркітші бар. Айтулы бәсекенің жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды және ол бірнеше кезеңнен тұрады, атап айтқанда бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру және шырғаға салу. Одан бөлек бүркітті қоян мен түлкіге салу. Сонымен қатар, қаршыға мен ителгіні қолға шақыру мен кептерге салу және далбайға ойнатудан бақ сынады.
«Әлем бойынша бүркіт салу спорт түрі ретінде 3-4 елде ғана тіркелген, соның бірі біздің ел. Құспегілікті спорт түрінде дамытудың басты мақсаты атадан қалған бүркіт салу дәстүрін жоғалтпай сақтау болып табылады. Аталмыш Халықаралық турнирде еліміздің әр өңірінен ең үздіктері қатысуда. Екі күн бойы өткен бәсекенің нәтижесінде жеңімпаз атанған бүркітшілеріміз еліміздің атынан басқа да халықаралық бәсекеге қатысатын болады», - деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.
Жарыс қорытындысы бойынша;
Бүркіттен:
1-орын Бағдәулет Бабажан (Жамбыл облысы)
2-орын Ақберел Құрманғалиев (Алматы қаласы)
3-орын Алмас Сейітжан (Алматы облысы)
Қаршығадан:
1-орын Аян Сейітжан (Алматы облысы)
2-орын Хазыбай Авсалам (Ақмола облысы)
3-орын Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы)
Ителгіден:
1-орын Айшуақ Тайманов (Маңғыстау облысы
2-орын Руслан Мағзұмов (Астана қаласы)
3-орын Арман Қошқаров (Атырау облысы)
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспары бойынша өткен турнирдің негізгі ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Астана қаласы әкімдігі, Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!