+7 (7172) 26-63-47

EXPO кешенінің алдында «Жүрек орталығы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен 1, 3, 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден қайырымдылық марафоны өтті.

Биыл кезекті рет өткізілген қайырымдылық жүгіру сайысы таңғы 7:00-де бастау алып, қатысушылар Түркістан, Ақмешіт, Ботаникалық саябақ арқылы қашықтықтарды еңсерді.

«Біздің мақсатымыз – трансплантология мәселесінің өзектілігімен қоғамды барынша ақпараттандыру және күту тізіміндегі адамдарға демеу болу. 2020 жылдан бастап Egov.kz сайтында донор ретінде тіркелуге ресми түрде 18 жастан асқан азаматтарға мүмкіндік берілді. Олардың қатарында мен де бармын. Ал 2024 жылдың басындағы статистика бойынша 5 мыңнан астам адам донор болуға келіскен. Менің білуімше қоғамда донор болғысы келетіндердің саны артуда. Бұған тікелей БАҚ құралдарымен жұмыс істеу, бүгінгідей спорттық іс-шараларды ұйымдастырудың арқасында деп ойлаймын», - деді «Жүрек қоры» қоғамдық қорының басшысы Мұрат Зауыров.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2018 жылы алғаш рет өткізілген спорттық шараға 60 қана қатысушы тіркелген. 2019 жылы 300 қатысушы, 2022 жылы 500 қатысушы, 2023 жылы 1300 қатысушы, 2024 жылы 4000-нан астам әуесқой спортшы тіркелген.

«Жүрегімнің жеңімпазы» атауымен ұйымдастырылған жүгіру марафонының өзгелерден ерекшелігі – мұнда жеңімпаз болмайды. Кез келген адам жарна төлеп, өз ниетіне байланысты жүгіреді.

Үлкен деңгейде өткен спорттық іс-шарада көпке танымал Мархаба Сәби, Polina Hanym сынды әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ алғашқы көмек көрсету жайлы ақпарат түсіндіріліп, қатысушыларға тегін кофе, балмұздақ үлестірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараға кәсіби спортшылардан бөлек, дәрігер, өз кезегін күтіп жүрген науқастар, донорлар да қатысты.