+7 (7172) 26-63-47

Елорда төріндегі «Триатлон» саябағында 5 шақырымды құраған маусымның алғашқы жарысы өтті. 2024 жылы далада бірінші рет ұйымдастырылған турнирде 500-ден астам әуесқой желаяқ бас қосты.

«Astana run — 4 кезеңнен тұратын әрі қаланың түрлі жерінде өтетін ерекше сайыс. Кейінгі жылдары Астана қаласына көшіп келушілердің саны бойынша көшбасшылардың қатарына кіреді. Сондықтан, дәстүрлі бәсекеміздің әр кезеңінде шамамен 30% қатысушы бірінші рет қатысады. Олар тек жүгіріп қана қоймай, хоббиі сәйкес адамдармен танысып, қалаға тез сіңісуге мүмкіндікті арттырады» — дейді, жарыс ұйымдастырушы Жанат Қожахметов.

Жүгіруді жаны сүйетін әуесқой желаяқтар жылдың 4 мезгілінде жүгіріп, әр кезеңде қаланың сәніне айналған ғимараттары, сәулеттері бейнеленген медальды иеленеді.

«Бүгінгі күн — жүгіру үшін өте қолайлы сәт. Күннің салқындығы артық терлемеуге, уақыт көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді. Денсаулық — зор байлық. Ауырмау үшін, отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз. Ұйымдастырушылардың балаларға арналған қашықтықтықты қамтығаны жақсы болды. Нәтижесінде бастауышта оқитын Глеб атты ұлым бірнеше рет жүгіріп, бойындағы шыдамдылық, қайсарлық, тәртіп сынды қасиеттерін арттырып жатыр» — деп, Лилия атты қатысушы жарыстың артықшылықтарын айта кетті.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.

«2019 жылдан кейінгі ресми алғашқы жарысым. Салыстырмалы түрде жүгіру соңғы кезде трендке айналды. Алайда осындай үрдіс моно қалаларда да жалғасын тапса екен деймін. Себебі, кіші қалаларда әлі де жүгіру, велосипед айдауды әлі салауатты өмірдің бір бөлшегі ретінде толыққанды санамайды» — деді, Асыл атты қатысушы.

Қыс бойы жаттығу залында дайындалған желаяқтар үшін бұл алғашқы жаттығу десе болады. Өйткені, 28 сәуір күні Бірлік күніне орай, 10, 21 шақырымды құрайтын ұзақ қашықтықтар да қосылатын болады.