+7 (7172) 26-63-47

Нұр-Сұлтан қаласының Денешынықтыру және спорт басқармасы елордалық білікті жаттықтырушылармен бірлесе отырып желтоқсан айының 15-19 күндері, шаңғымен жүруді үйрету және конькимен сырғанау сабақтарын өткізді. Аталмыш іс-шара, 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, елордалық тұрғындар мен қала қонақтарына  мерекелік тарту болды.

Сабақтар 5 күн бойы, елорданың төрт саябағында екі уақыттан өтті.  Оны тәжірибелі жаттықтырушылар қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, ашық ауа астында өткізді.

Жалпы сабақта жаттықтырушылар үйренуге келген қала тұрғындарына шаңғы және коньки спортының мазмұнын, ережелерін, ерекшеліктерін сырғанау, тебу әдіс — тәсілдерін, шаңғыны, конькиді күтіп ұстауды теория жүзінде көрсетіп үйретті.  

«Аталған іс-шара Тәуелсіздік мерекесі аясында елорданың 4 саябағында ұйымдастырылды. Олар: Жастар Сарайы, Астаналық саябақ, «Нұр Әлем» ЭКСПО алаңы және Студенттік саябақ аумақтарында өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырту. Спортқа деген қызығушылығын арттыру. Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға, адамгершілікке, ұқыптылыққа  тәрбиелеу.

Конькимен мәнерлеп сырғанау және шаңғымен жүруді үйрету сабақтары келесі жылда қайта іске қосылады деп жоспарлануда. Өйткені тегін үйренгісі келетін тұрғындар өте көп»,- деді спорт бөлімінің басшысы  Ержігіт Өсербай.