Жексенбі күні, 20 қаңтарда, Астана Халықаралық қар күнін тойлауға өз үлесін қосады. Аталмыш мереке жыл сайын Халықаралық шаңғы федерациясының (FIS) бастамасымен әлемнің 40-тан астам мемлекетінде қаңтар айының үшінші жексенбісінде аталып өтіледі. Мерекенің мақсаты – халықты, оның ішінде, балаларды қысқы спорт түрлеріне баулу.
Астанада Қар күніне орайластырылған шара Ботаникалық бақ аумағында өтеді. Бағдарламада 18 жасқа дейінгі балалар арасында шаңғы жарысы, көңілді старттар, балалар байқаулары және ойын-сауықтар қарастырылған.
Қатысушылар жеке куәліктері арқылы тіркеледі. Шара өтетін аумақта шаңғыны жалға беру пункті жұмыс істейді. Жарысқа шаңғы тебе білетіндердің барлығы қатыса алады. Денсаулығы мүмкіндік берсе болғаны. Тіркелген қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша 7 топқа бөлінеді. 5 жасқа дейінгі балалар үшін дистанция – 100 м, 5-7 жастағылар үшін – 1 км, 8-12 жастағылар үшін – 2 км, 13-14 жастағылар үшін – 3 км, 14-18 жастағылар үшін – 5 км. Әр топ бойынша жеңімпаздар анықталып, сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.
Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталады, шара ресми түрде сағат 10.30-да басталады. Қатысулар үшін саябаққа Түркістан көш. немесе Бұқыр жырау көш. жағынан кірген ыңғайлы.
Жарыс регламентімен мына сілтеме бойынша танысуға болады: http://ccsf.kz/documents/polozheniya-i-protokoly/polozhenie-vsemirnogo-dnya-snega-2019
Айта кетейік, Астанада Халықаралық қар күні 2013 жылдан бері жыл сайын аталып өтіледі және оған 200-ден аса жас шаңғышы қатысады.
БАҚ назарына! Сіздерді осы шарадан ақпарат таратуға шақырамыз. Аккредиттелу және сұқбат ұйымдастыру мәселелері бойынша мына телефонға хабарласуға болады: +77017772311, Гүлшат Серікбекова.
Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы
https://elordasport.kz/kz/infotsentr/anonsy/astanada-khaly-araly-ar-k-ni-atalyp-tiledi.html#sigProId07d97fae1a