+7 (7172) 26-63-47

Биатлоннан жасөспірімдер арасында Қазақстан кубогінің шешуші кезеңі ұйымдастырылды.

Биыл ата-аналар тарапынан сұраныстың болуына байланысты Қазақстан биатлоншылар одағының бастамасымен Астанада биатлон үйірмесі ашылды.

Қазіргі сәтте 9-11 жас аралығында 40-50 жеткіншек осы спорт түрімен айналысып жатыр. Осы орайда жас спортшыларды жігерлендіру және географиялық аймақты кеңейту мақсатында бірінші рет жасөспірімдердің республикалық кезеңі өткізілуде.

«Биатлоннан 4-5 тамыз күндері алғаш рет Астанада 2009-2013 жылдары дүниеге келген спортшылардың арасында Grand tour biathlon-нан Қазақстан кубогінің соңғы кезеңі өтіп жатыр. Бұған дейін 5 кезеңнің жеңімпаздары анықталып қойды. Ол жарыстар ШҚО, Маңғыстау облысы, СҚО, Павлодар облыстарында болды. Бұл жарыстың ерекшелігі – кезеңді жеңген қатысушыға қызыл жейде, ал қорытындыда топ жарған спортшыға сары жейде беріледі. Ересектерден еш айырмашылығы жоқ. Бұл жас қатысушылар үшін үлкен мотивация. Ертең үздік 5 командаға федерация атынан жалпы жүлде қоры 15 млн теңгелік ақшалай сыйлықтар беріледі. 6 кезеңнің ең үздік спортшылары шыны кубокқа ие болады.

Астана қаласы – 1,5 млн халқы бар және қысы ең ұзақ өңірдің бірі. Биатлон үшін қолайлы әрі қоғам тарапынан қызығушылық та өседі деген сенімдемін», - деді Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов.

Жарысқа Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, ШҚО-дан спортшылар қатысуда. Бұған дейін қысқы кезеңнің жеңімпаздары Норвегиядағы әлемдік фестивальде ел намысын қорғаған болатын. Ал алдағы кезеңде топ жарғандар Щучинсктегі халықаралық балалар спорт лагеріне қатысады.

Шара аясында тек қана қатысушылар ғана емес, жиналған жанкүйерлер де винтовкамен нысананы көздеп, арнайы сыйлыққа ие болды.