+7 (7172) 26-63-47

Бүгін елорда төріндегі ASPAN спорт кешенінде кезекті Қазақстан чемпионаты басталды.

2 күнге жалғасатын бәсекеде 12-14 жас, 14-16 жас (жасөспірімдер), 16 жас және одан жоғары (сеньор) спортшылар қысқа және ұзақ бағдарламалар бойынша 9 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

«Бүгінгі жарысты тамашалап, гимнасшыларымыздың деңгейі өсіп жатқанын байқадым. Қазақстан чемпионатында бұрын-соңды көрмеген жаңа командалар қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде. Сондай-ақ, ұлдар мен қыздардың бірігуімен микс команданың өнерін тамашалағанымызға қуаныштымыз. Биылғы бәсекеге акробатикалық элементтерді де енгізу арқылы сайыс одан сайын шиеленісті бола түсті.

Жақында ғана спортшыларымыз Гонконгте өткен Азия чемпионаты мен Әлем кубогының төртінші кезеңінде жүлделі оралғанынан хабардарсыздар. Енді бүгінгі Қазақстан чемпионаты Эстонияда өтетін жаһандық дода алдындағы шешуші дайындық десе болады», - деді Қазақстан Республикасы чемпионатының бас төрешісі Мадина Бектұрғанова.

Жарысқа Қазақстанның 7 өңірінен қатысып жатыр. Атап айтатын болсақ, ШҚО, Ақтөбе, Атырау, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент, Астана қаласынан 35 команда, 292 спортшы бақ сынауда.

«Көркем гимнастика мен эстетикалық топтық гимнастикамен қатар айналыстым. Іріктеудің қорытындысы бойынша, эстетикалық топтық гимнастикаға кеттім. Өзіме де қатты ұнайды. Командамен бірге жұмыс істеп, өзге елдерге бірігіп баруымызға мүмкіндік бар. Көркем гимнастикадан қарағанда бұл жерде ешқандай құралмен өнер көрсетіп, бақылап отырудың қажеті жоқ. Бастысы барлығымыз біркелкі қимылдасақ жеткілікті. Осы спорт елімізде 2018-2019 жылдан бері танымалдылыққа ие бола бастады. Мен де сол бастапқы кезеңнен бері келе жатырмын. Осы кезге дейін бірнеше рет ережелер ауысып үлгерді. Мысалы, макияж жағудың да өзіндік тәртібі бар», - деп «ЛиЭль» командасының мүшесі Даяна Салимбаева ойымен бөлісті.

Жарыс қорытындысы бойынша, 2025 жылы ел намысын шетелдік аренада қорғайтын ұлттық құраманың үздіктері сұрыпталады.