Астанада Рой Джонс жас боксшыларға шеберлік дәрісін өткізді Астанадағы бокс спорт кешенінде бокстан Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері және кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс 30-ға жуық жас спортшыға арналған шеберлік дәрісін өткізді.
Кездесу барысында 56 жастағы Рой Джонс жастарға жетістікке жету үшін еңбек пен табандылықтың маңызын түсіндірді. Ол әрбір спортшының жеке дайындық жоспарын құруы, техникасын жетілдіруі және ойын тактикасын меңгеруі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, спортпен айналысатын адамның бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керектігін айтты. Жас спортшылар мен бапкерлер қызықты сұрақтар қойып, Рой Джонстың бокстағы өз тәжірибесімен танысты. Ол мансабындағы есте қалған сәттері туралы айтып, спорттағы қиындықтар мен жеңістер жайлы бөлісті. «Менің бокс мансабым 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыларды жаттықтыратын. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокстың тек күшпен ұру емес, ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды», – деді Рой Джонс. Жиында әйгілі спортшы тек кеңес беріп қана қоймай, рингте ашық жаттығу да өткізді. Ол қатысушыларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетті. Айта кетейік, Рой Джонс мансабын аяқтағаннан кейін де 2020 жылы әйгілі Майк Тайсонмен жұдырықтасып, көрермендерге керемет шоу тарту етті. Сонымен қатар, ол киноға түсіп, музыкалық шығармаларымен де әлемге танымал. Кездесу соңында Рой Джонс жас спортшылармен естелік суретке түсіп, автограф берді.
https://elordasport.kz/kz/infotsentr/novosti/astanada-roj-dzhons.html#sigProId6ffc523a81
