+7 (7172) 26-63-47

4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтеді.

Бүгін балуандардың салмақ өлшеу рәсімі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.
Оныншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 37 үздік балуан қатысады, оның ішінде жобаның жеңімпаздары Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиевта бар
Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Ерасыл Қажыбаев 153 келі тартса, Ерсұлтан Мұзаппаров ең жеңіл салмақ көрсетті (90 келі).
 
Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы балуандар бәсекесі елорда әкімдігінің тікелей қолдауымен өтіп жатқанын атап өтті.
«Дәстүрлі Қазақстан Барысы жобасы өздеріңіз білетіндей биыл оныншы рет ұйымдастырылуда. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген үздік балуандар қатысқалы жатыр. Біздің елордамыздың намасын бұл бәсекеде Айбат Сейтен мен Олжас Шынкеевтер қорғайды. Балуандарымыздың бағы мен бабы келісіп жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз»- деді басқарма басшысы.
 
«Биылғы жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің ерекшелігі өздеріңіз көріп отырғандай жастар көп. Балуандардың дайындықтары да жоғары деңгейде. Тартысқа толы дода болғалы тұр. Барша Қазақстандықтарды балуандарымыздың тақымын қысып, тікелей эфирде жан күйер болуға шақырамыз»- деді қазақ күресінен төрт дүркін Әлем чемпионы, Қазақстан Барысы жобасының екі дүркін чемпионы, «Әлем Барысының» үш дүркін Айбек Нұғымаров.
 
Елордамыздың төрінде өтетін бәсеке елдегі карантин талаптарына сай көрермендерсіз ұйымдастырылады.
Жанкүйерлер турнирді Qazaqstan  және Qazsport  телеарналары арқылы тікелей эфирден тамашалай алады. Сонымен қатар турнир Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ», Түркияның «ТРТ Аваз» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.