+7 (7172) 26-63-47

Бүгін ASPAN спорт кешенінде 9-11 сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері 4 спорт түрінен өзара сайысқа түсті.

1988 жылдан бері әлемде 1 желтоқсан СПИД-ке қарсы күн ретінде атап өтіледі. Ұзақ жылдан бері бұл дертке қарсы ақпараттандыру жүрсе де, кейінгі жылдары Астанада СПИД-ке шалдықққандардың саны өскен. Мысалы, 2023 жылы 403 жайт тіркелсе, 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша оның саны 400-ге дейін жуықтап отыр. Сондықтан, СПИД-ке қарсы ақпараттандыру үздіксіз жүргізілуі тиіс.

Осы мақсатта ASPAN спорт кешенінде алғаш рет 200-ден астам 9-11 сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері волейбол, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу спорттарынан сынға түсті. Неге бұл санат таңдалды?

«СПИД-ке шалдыққандардың басым бөлігі 20-39 жас аралығында кездеседі. Себебі, көпшілік азамат қарапайым сақтану қағтдаларын білмейді. Интернетте осыған байланысты ақпараттар самсап тұрса да, оқи бермейді. Бүгінгі шарадағы біздің девизіміз - СПИД-ке қарсы 5 минут уақытыңды бөл. Себебі, бұл ақпаратты білу арқылы болашағыңды да сақтай аласың. Оқушылар мен студенттердің көпшілігі спортқа жақын болғандықтан, осы жерді таңдауды көп көрдік. Бүгінгі настхатымыз өз жемісін беріп, қатысушылар СПИД-ке қарсы ақпаратты терең түсінеді деп ойлаймыз», - деді Астана қаласы «АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығы» МКҚК басшысы Қанат Асқаров.

Бұл Астана қаласы «АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығының» бірінші шарасы емес. Қараша айынан бастап орталықтың қызметкерлері Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Астана қаласының білім басқармасы және т.б бірлесе отырып, қалада түрлі консультация, экспресс-тест өткізуде.

Жарысқа оралатын болсақ, бүгін волейболда 9 команда, асық атуда 16 команда, ләңгі тебуде 10 команда, арқан тартыста 7 команда жүлдеге таласты. Әсіресе, ұлттық ойынымыз - ләңгі тебуде Тәжікстаннан қоныс аударған 10 сынып оқушысы Али Каримов өз шеберлігімен көпшілікті таңғалдырып, 300 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.

Жарыс жеңімпаздары бүгін анықталып, жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль табысталады.