Бүгін Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Tour of Kazakhstan велошеруі өтті. Шеруге кәсіпқой велошабандоздар және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев та қатысушылардың ортасынан табылды.
«Бұл қаладағы спорттық шаралардың тізімінде тұрған. Қазіргідей эпидемиологиялық жағдай кезінде қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе балалардың мұндай шараларға көптеп қатысуы қуантады. Бүгінгі велошеруге 96 адам қатысты. Сондай-ақ 8 айналымнан тұратын веложарыс та ұйымдастырылды. Балалар 500 метр қашықтыққа сайысқа түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта осы сияқты жарыстарды республиканың барлық өңірінде өткізу жоспарда бар», – деді вице-министр.
Велошеруге қатысқан ең жас спортшы Аружан Рақымжан мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып тұрғанын айтады.
«Бұған дейін веложарыстарға қатысып жүргенмен, қазіргідей велошеруге алғаш рет қатысып тұрмын. Бұл шеру мен секілді жас спортшыларға үлкен тәжірибе сыйлайды. Өзім велоспортпен айналысамын. Кезекті жарыс алдында осы шеруге қатысу арқылы спорттық машығымды шыңдадым», – деді ол.
Велосайыс жеңімпаздары 3 шақырымнан тұратын 8 айналымдық сайыста анықталды. Критериум тәсілімен өткен жарыста мәре сызығы жеткен 3 үздік спортшыға әр 2 айналым сайын ұпай берілді.
Сайыс қорытындысында ерлер арасында Александр Дымовских, әйелдер арасында Әсем Қонақбаева үздік атанды.
https://elordasport.kz/infotsentr/novosti/v-nur-sultane-proshel-veloprobeg-tour-of-kazakhstan-posvyashchennyj-30-letiyu-nezavisimosti.html#sigProIdfef07a3c84