Елордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Триатлон паркте «Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері – мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында жеңіл атлетикадан марафон өтті.
Марафонды «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елордалық филиалы ұйымдастырды.
«Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтті. Президенттің айтуынша, бұқаралық спортты дамыту балалардың интернет алдында телміруіне тоқтау болмақ. Ұлдар 3 км, қыздар 2 км жүгіруі керек», - деді «Жас Сарбаз» елордалық филиалының басшысы Асхат Налшыбек.
Қара күш иесі – Сергей Цырульников балалар арасында қазақ спортшыларының өмірінен алынған оқиғалар жайлы викторина өткізді. Әрбір дұрыс жауап үшін көпшілік алдында темір болаттан түрлі фигураларды бүгіп сыйға берді.
«Мұндай викториналар өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызды. Олар бұрынғы батырлардың дәстүрі, тарихы туралы білуі тиіс. Жастар тарих пен мәдениетке оң көзқарас қалыптастыруы керек», - деді ол.
Марафон «Жас Сарбаз – Тәуелсіздік тірегі» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының, Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің және ҚР ҚК «Ұлттық әскери-патриоттық орталығының» қолдауымен өтті.
https://elordasport.kz/ru/infotsentr/novosti/27-10-2021.html#sigProId982d77a255