+7 (7172) 26-63-47

87Бүгін елорда маңындағы «Жасыл белдеу» саябағында маусымның алғашқы бұқаралық велошеруі өтті. 500-ге жуық қатысушы Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан басталған 25 шақырым қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.

«Салауатты өмір салтын серік еткен қала тұрғындары! Өздеріңізді елорданың керемет жері — «Жасыл белдеуінде» көргеніме қуаныштымын. Бұған дейінгі шарада 300-дей ғана қатысушы жиналса, осы жолы 500-ге жеткеніне куә болып отырмыз. Қала тұрғындарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артып жатқанына қуаныштымын. Осындай спорттық шараларда сіздер өзіңіз секілді жандармен танысып,«Жасыл белдеуміздің» керемет әсерін сезіндіңіздер деп ойлаймын», — деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов.

Жарысқа велосипеді бар кез келген жастағы әуесқой спортшы қатысты.

«Мектеп кезден сан түрлі спорт түрімен айналыстым. Енді жасымыз ұлғайған сайын аурухананың табалдырығын тоздырғанша, «Жасыл белдеудің» шаңын шығарғанды жөн деп таптым. Саралай келе, маған ең ұнайтын спорт түрі велоспорт екенін түсіндім. Кейінгі 2 жылда Астанадағы барлық бұқаралық спорттық шаралардан қалмауға тырысамын.

Бүгін өмірімде бірінші рет лотореядан жеңімпаз атанып, велосипед жеңіп алдым» — деп, Наталья Морозова атты қала тұрғыны өз эмоциясын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара спорттық жарыс болып саналмайды, велошерудің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау және велоспортпен белсенді айналысуға шақыру.

«Біршама жылдан бері велосипедті серік етіп келемін. Күніне тұрақты 50 шақырым жүремін. Осы спорттың арқасында біршама әуесқой велошабандоздармен танысудың реті келді. 70 жасқа келсем де, денсаулығым мықты әрі көп ауырмаймын» — деп, Марат атты қатысушы велоспорттың пайдасын айта кетті.

Бұқаралық велошеру аяқталғаннан кейін, мәреде тіркелген велосипедшілер арасында 10 велосипед және Kipa.kz дүкенінің брендтік сертификаттары ойнатылып, палау мен ыстық шай ұсынылды.