Бокстан Астана күніне арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы «Qazaq Arlany» ашық республикалық турнирі басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына сөз сөйлеген ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің спорт жане дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс шымылдығын ашып берді.
Сонымен қатар Астана қаласының Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов, «Qazaq Arlany» by M.Toitov бокс клубының негізін қалаушы, бокстан халықаралық дəрежедегі спорт шебері, «Astana Arlans» құрамында WSB нұсқасы бойынша екі дүркін əлем чемпионы, «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің координаторы Мейрболат Тоитов және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, əуесқой бокстан əлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов сияқты елге танымал азаматтар сөз сөйлеп, қатысушыларға жеңіс тіледі. Жалпы жарысқа қолдау көрсетіп келушілердің арасында блогер спортшылардан тартып, әлем чемпиондығына дейін жеткен спорт шеберлері болды. Ал қатысушылар өздерінің мұндай деңгейдегі шаршы алаңда бокстасқандарына қуанышты екенін жеткізіп, болашақ армандарымен де бөлісті.
– Мен бокспен үш жарым жылдан бері қарай айналысып келе жатырмын. Осыған дейін 10-ға жуық алтын медаль алдым. Қазір жасым – 12 де. Болашақта Махмуд Сабырхан, Сәкен Бибосынов сияқты чемпион болғым келеді. Бұйырса, бүгінгі жарыста да өзімнің мықты дайындалғанымның нәтижесін көрсетемін, – дейді кішкентай боксшы Арысбек Нарқозы.
Сондай-ақ жарысқа қатысатын балалардың әр қимылын бақылап, оларды осы сайысқа арнайы дайындап келген бапкерлер өздерінің болашақтан күтетін үміттері зор екенін айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Жалпы бұл дүбірлі додаға Қазақстанның барлық аймағынан 200-ге жуық жас боксшылар қатысып отыр. 4 күнге созылатын жарыста жалпы есепте 15 салмақ дəрежесінде жеңімпаз пен жүлдегерлер анықталатын болады.