+7 (7172) 26-63-47

2024 жылы Астанаға қыс ерте келіп, қала тұрғындары қыстық спорт түрлеріне де назарын аудара бастады. Айдың ортасында «Алау» мұз айдынында конькимен жүгіру маусымы ресми басталса, бүгін Орталық саябақта Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен шаңғымен бұқаралық жүгіру спорттық іс-шарасы өтті.

«Былтыр қыс кеш түсіп, желтоқсан айының аяғында ғана шаңғы тебу маусымын бастап едік. Биыл қар да ерте жауып, ауа-райы да қысқы спортқа жақсы мүмкіндікті туындатты. Бүгінгі шарамыз ресми шаңғы маусымының ашылуы деп айта алмаймын. Маусымның ашылуы 18 желтоқсанда басталады. Әйтсе де, бүгінгі спорттық шарамызға 200-дей қатысушы жиналды. Жаман емес. Жазда жүгіру танымалдылыққа ие болса, қыста шаңғы тебу тұрғындар тарапынан сұранысқа ие. Спортты серік етіп, демалысты жақсы көңіл-күймен өткізіңіздер», - жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.

Шараға ниет білдіргеннің бәрі қатысып, әр қатысушы өзінің шаңғысын ала келді. Ал бірінші мәрте қызығушылықпен келгендер 2 000 теңгеге жалға алып, осы спорттағы алғашқы қадамдарын жасады. Айта кетейік, Орталық саябақта жұмыс күндері кешкі 19:00 мен 21:00 аралығында шаңғыны жалға алып, өз бетіңізмен үйренсеңіз болады. Ал жаттықтырушының көмегі қажет десеңіз, балаларға - 35 мың теңге, ересектерге - айына 40 мың теңгені құрайтын секция да қарастырылған.

«10 жылдан бері шаңғы тебумен тұрақты айналысамын. Өзім полицей қызметкерімін. Сондықтан осы спорт түрін таңдадым. Аптасына тұрақты түрде 3-4 мәрте тебемін. Шаңғы бүкіл дененің қимылдауына әсер ететіндіктен, қолым да, аяғым да бабында» - деді қала тұрғыны Жомарт Боранбаев.

Енді алдағы уақытта әр апта сайын демалыс күндері Орталық паркте салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар мен таза ауада белсенді демалуды ұнататындар арасында шаңғы спортынан жарыстар ұйымдастырылатын болады.